Дереккөз: https://24.kz/kz/zha-aly-tar/bilim-zh-ne-ylym/item/404328-bt-2020-91-bala-erezhe-b-z-any-shin-syna-tan-shettetildi

Ұлттық бірыңғай тестілеудің алғашқы күні тізімдегі 164 түлек емтихан тапсыра алмады.

91 бала ереже бұзғаны үшін сынақтан шеттетілді. Олардың арасында тыйым салынған байланыс құралдарын әкелгендер болған. Ал екі бала дене қызуы жоғары болғандықтан, аудиторияға мүлдем кірмеді. Алайда сырқаттанып қалған түлектерге емтиханды қайта тапсыруға мүмкіндік беріледі. Қалғандары бағын тек келер жылы сынап көре алады.

Роман Мысловский – елордадағы алпысыншы мектептің түлегі. Бүгін өткен тестілеуде ол физика мамандығын таңдап, тапсырды. Емтиханға екінші тоқсаннан бастап қарқынды дайындалды. Оқушы сынақ барысында тек өз күшіне сеніп, тестілеуге ешқандай байланыс құралдарын алмай кіргенін айтады.

Роман Мысловский, 60 мектеп түлегі: – Әрине, тестілеу кезінде қобалжу болды. Бірақ тапсырмаларды көргенде, ол сезімнен арылдым. Сынақтан сүрінбей өттім. Емтихан барысы қатаң қадағаланды. Жанымызда дәрігерлер болды. Әрқайсымыздың дене қызуын өлшеді. Арамызда температурасы жоғары болған балалар болды. Олар тест тапсыра алмады.

Кешелі бері емтихан тапсырғандардың 70 проценті шектік балды жинады. Ал 2 мыңға жуық түлек бұл межеден аспаған. 39 баланың нәтижесі 130 балдан асты. Ең жоғары 138 балды Түркістан облысы Ордабасы ауылының түлегі жинады. Түске дейін тест нәтижелерімен келіспегендер аппелляциялық комиссия мүшелерінің көмегіне жүгінді.

Наужан Дидарбекова, ҚР БҒМ ұлттық тестілеу орталығы директорының орынбасары: – Бұл нәтижелердің соңғы қорытындысы тамыз айында нақты болатынын атап өткім келеді. Өйткені қолданыстағы ережелерге сай, барлық бейнежазба ағымдағы жылдың 25 тамызына дейін талданып, тыйым салынған заттарды қолданған фактілер болса, тестіленушілердің балдары жойылатын болады, тіпті білім беру грантын тағайындау конкурсының нәтижелері де жойылуы мүмкін.

Естеріңізге салайық, Ұлттық бірыңғай тестілеу шілденің 5-не дейін жалғасады. Республика бойынша оған қатысуға 130 мыңнан астам өтініш түскен. Емтихан барысын Білім және ғылым министрлігінің өкілдері мен арнайы мониторинг тобы бақылап жатыр. Карантин режиміне сәйкес ҰБТ өткізіліп жатқан орындарда барлық санитарлық нормалар қатаң қадағалануда.