Дереккөз: inform.kz/kz/ubt-tapsyrmagandardy-tegin-okytu-kanday-mumkindikter-men-artykshylyktar-bar_a3685557

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Биылғы жылдың 1 қыркүйегінен бастап Ұлттық бірыңғай тест (ҰБТ) тапсырмаған 20 мыңнан астам талапкер жұмысшы мамандықтары бойынша тегін техникалық және кәсіби оқуға жіберіледі.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі осы бағыт бойынша оқыту үшін тізімдер қалай құрылатынын, талапкерлерді қандай мамандықтар бойынша оқытатынын және олар оқудан кейін қандай мүмкіндіктерге ие болатынын түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында 2017 жылдан бастап енгізілген техникалық және кәсіптік білімі бар кадрларды ақысыз даярлау тетігі қарастырылған.

Бұл бағдарлама жұмыссыз жастарға, соның ішінде 9-11 сынып оқушыларына, оқу орындарына түспегендерге, кәсіптік білімі жоқ адамдарға, жұмыс іздеушілерге және аз қамтылған отбасы мүшелеріне, сондай-ақ халықтың әлеуметтік осал топтарындағы азаматтардың басқа да санаттарына арналған. Олардың қатарына жетімдер, мүгедектер, көпбалалы және тұрмысы төмен отбасылардың балалары жатады. Бұл бағдарламаның операторы – ҚР Білім және ғылым министрлігі. Соңғы мәліметтер бойынша, биылғы жылдың 1 шілдесіндегі жағдай бойынша 365 техникалық және кәсіптік білім беру колледжінде 32208 адам білім алуда. Бұл бағдарлама 2021 жылға дейін есептелген», – деді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінде.

Биыл бағдарламаға 21 мыңнан астам адам қатысады деп болжануда. 13 тамыздағы жағдай бойынша 13 300 адамнан өтініш келіп түскен. Қатысушылардың тізімдерін жасау үшін өңірлерде 2 мың 62 мобильді топ жұмыс істеуде. Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі өкілдерінің түсіндіргеніндей, мемлекеттік тапсырыс жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармаларының, өңірлік кәсіпкерлер палаталарының өтінімдері негізінде анықталады.

«Оқыту дуальды оқыту элементтерімен күндізгі оқыту формасында өтеді, онда 40% – теория және 60% – практика болады. Дуальды оқыту үшін білім беру ұйымдары ірі кәсіпорындармен және компаниялармен келісімшарт жасасады. Өз кезегінде, кәсіпорындар Бағдарламаға қатысушыларға жұмыс орындарын ұсынады және оларға тәлімгерлерді бекітеді. ТжКБ-да (техникалық және кәсіби білім беру) оқу ұзақтығы 3 жылға дейінгі білім беру бағдарламаларында көрсетілген мерзімге сәйкес таңдалған мамандық пен біліктілікке байланысты», – деп атап өтті ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінде.

Мамандықтар тізімі аймақтық еңбек нарығының қажеттіліктерін талдау және болжау негізінде құрылады. Бүгінгі таңда ТжКБ-да 171 мамандық бойынша кадрлар даярлануда. Олардың қатарында қызмет көрсету, ауыл шаруашылығы, көлік, құрылыс, жылу-энергетика кешені, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар, базалық индустрия, туризм, сауда, монтаж, салалары, пайдалану және жөндеу, байланыс, телекоммуникация бар.

Техникалық және кәсіптік білім беру базасында білім алушыларға оқу ақысын төлеу бойынша мемлекеттік қолдау көрсетіледі, бір реттік ыстық тамақпен, 21 787 теңге мөлшеріндегі стипендиямен, жолақымен қамтамасыз етіледі. Оқытуды қаржыландыруды білім саласындағы жергілікті атқарушы органдар жүзеге асырады. ТжКБ-да кадрларды даярлаудың басқалардан басты айырмашылығы – тегін білім беріледі, оқу процесінде кадрларды даярлаудың дуальды моделі қолданылады, оқыту тек жұмыс біліктілігі мен мамандықтарына сәйкес жүзеге асырылады, бағдарламаның барлық қатысушыларына стипендия төленеді.

Оқу орындары жергілікті әкімдіктер бекіткен тізімнен анықталады. Республика бойынша ТжКБ-да кадрларды даярлау 365 білім беру ұйымында жүзеге асырылады. Оқуды бітірген бағдарламаның барлық қатысушылары жұмыспен қамтылады. Ол үшін оқуын аяқтағандардың тізімі жұмыспен қамту орталықтары мен «Атамекен» кәсіпкерлер палатасына жіберіледі. Сонымен қатар, оқуды аяқтаған тұлғалар 500 мың теңгеден астам сомаға бизнес-идеяларды іске асыруға мемлекеттік гранттар алуға құқылы, деп атап өтті министрлік өкілдері.