Дереккөз: Білім және ғылым министрлігінің телеграмм каналынан @edu_news_qz.

Педагог – талмай тер төгуді талап ететін, қоғамдағы аса маңызды, елеулі мамандықтардың бірі. Мұғалімнің ерен еңбегі ел болашағы – жас ұрпақтың адамгершілік құндылықтары мен мемлекеттің зияткерлік және экономикалық әлеуетінің қалыптасуына тікелей ықпалын тигізеді.

Бүгінгідей күрделі кезеңде мұғалімдердің біздің қоғамның тыныс-тіршілігіндегі теңдессіз мәні мен ауқымды рөлі айқын көрініс беріп отыр. Әсіресе, қазіргі жағдайда ұстаздар қауымы ел келешегінің тізгінін ұстайтын өскелең ұрпақты зор ыждағаттылықпен білім нәрімен сусындатуды жалғастыра отырып, үлкен жауапкершілікті көтерудің және борышын адал өтеудің жоғарғы үлгісін көрсетіп, аз уақыт ішінде оқытудың жаңа форматына бейімделіп үлгерді.

Құрметті ұстаздар, айрықша еңбектеріңіз үшін шын жүректен алғыс айтамыз. Сіздерге мықты денсаулық, игілік пен табыс тілейміз!
Асқар МАМИН, Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі