Ақмола облысында ҰБТ басталғалы 16 бала тест тапсыруға келмеген. Бұл туралы облыстық білім басқармасының басшысы Бейбіт Жүсіпов мәлімдеді.

Дереккөз: https://24.kz/kz/zha-aly-tar/bilim-zh-ne-ylym/item/404220-k-kshetauda-on-alty-balany-nelikten-bt-tapsyrma-any-belgisiz

Ал олардың келмеуіне не себеп болғаны белгісіз. Бірақ тестілеуге қатысу, қатыспау әркімнің өз еркінде дейді аймақтың бас ұстазы. Ал тағы бір түлек коронавирус жұқтырған адаммен байланыста болғаны үшін әзірге тест тапсыра алмайды. Бұдан бөлек бірінші күннің өзінде 2 бала тыйым салынған затпен ұсталып, тестілеу бөлмесінен шығарылған. Енді олар ҰБТ-ға мүлдем қатыса алмайды. Жалпы Ақмола облысында биыл мектеп бітірген 4 жарым мыңнан астам түлектің 3718-і ҰБТ тапсыруға ниет білдірген. Ал тестілеу 11 жерде өтеді. Санитарлық талап бойынша аудиториялардағы орын саны жартылай қысқартылған. 

Бейбіт Жүсіпов, облыстық білім басқармасының басшысы:

– Барлық 11 пунктте санитайзерлер, кілемшелер, сосын балаларға берілетін бетперделер, бәрімен қамтамасыз етілген. Одан басқа эпидемиологиялық тоннельдер бар қойылған. Сол арқылы өтеді. Әзірге санитарлық бұзушылық болған жоқ. Балалардың температурасын бәрін тексеріп отырады.