Дереккөз: https://www.inform.kz/kz/zhana-oku-zhylynda-kay-sanattagy-okushylarga-komp-yuter-router-tegin-beriledi-astana_a3674486

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Нұр-Сұлтан Білім басқармасының басшысы Шолпан Қадырова жаңа оқу жылында қай санаттағы оқушылар компьютермен және роутермен қамтамасыз етілетінін айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазіргі таңда сіздерді, жалпы барлық ата-аналарды алаңдатып отырған сұрақтың бірі – алдағы қашықтан оқытудың қалай өтетіні екенін түсініп отырмыз. Бұл орынды. Қашықтан оқыту үшін ең алдымен педагогтар мен оқушылардың компьютер және интернетпен қамтамасыз етілуі маңызды.

Педагогтер мен оқушылардың компьютер мен интернетке қажеттілігіне мониторинг жүргізілді. Қажетті құралдар сатып алынады», – деді Шолпан Қадырова қала әкімдігінің Фейсбуктегі парақшасында өткен баспасөз мәслихатында.

Бұл ретте техниканы қажет ететін аз қамтылған және көпбалалы отбасылардан шыққан оқушылар міндетті түрде компьютер және роутермен қамтамасыз етілмек.