Дереккөз: https://www.inform.kz/kz/elordada-zhana-oku-zhylynda-27-mynnan-astam-okushy-birinshi-synypka-kabyldanady_a3674471

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елордада жаңа оқу жылында 202 мың оқушы қашықтан сабақ оқиды. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласы Білім басқармасының басшысы Шолпан Қадырова жаңа оқу жылына дайындық барысы туралы өткен баспасөз мәслихатында мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«2020-2021 оқу жылында елорда бойынша 202 мың мектеп оқушысы болады деп күтілуде. (Өткен жылы – 182 279). Бірінші сыныпқа 27 мыңнан астам оқушыны қабылдау жоспарланып отыр. Бүгінге дейін 12 453 өтініш берілді. Құжаттарды қабылдау электрондық үкімет Egov.kz порталы арқылы және қағаз түрінде мектептерде жүргізіліп жатыр», – деді Шолпан Қадырова қала әкімдігінің Facebook-тегі парақшасында өткен баспасөз мәслихатында.

Басқарма басшысының айтуынша колледждерде алдағы оқу жылында 8 мың студент, сондай-ақ 13 мамандық бойынша ерекше білім алу қажеттілігі бар 139 білім алушы қабылданады.